25 Тамыз, 2016

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы  №467

321 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
2016 жылғы 19 тамыз, Астана, Үкімет Үйі Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспарын бекіту туралы «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңы 5-бабының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары бекітілсін. 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.МӘСІМОВ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 19 тамыздағы №467 қаулысымен бекітілген Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары 1. Жалпы ережелер 1. Осы Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары (будан әрі - Жоспар) «Атом энергиясын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 12 қаңтардағы Заңы (бұдан әрі - Заң) 5-бабының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді. 2. Осы Жоспар Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарына, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. 3. Осы Жоспарда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) төтенше жағдайлар (техногендік сипаттағы) – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлік авариялары мен басқа да авариялардан, өрттерден (жарылыстардан), күшті әсер ететін улы, радиоактивті және биологиялық қауіпті заттар жайылатын (жайылу қатері бар) авариялардан, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауынан, бөгеттердің бұзылуынан, тіршілікті қамтамасыз ететін электр энергетикасы және коммуникация жүйелеріндегі, тазарту құрылыстарындағы авариялардан болған төтенше жағдайлар; 2) азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі - Қазақстан Республикасының халқын, объектілері мен аумағын ядролық және радиациялық авариялар кезінде туындайтын қауіптерден қорғау жөніндегі жалпымемлекеттік іс-шаралар кешенін іске асыруға арналған, азаматтық қорғаудың басқару органдарының, күштері мен құралдарының жиынтығы; 3) алаң аумағы - шекара периметрінің шегіндегі кәсіпорынға, қоршауға немесе басқа көрсеткішке іргелес аумақ. Бүл сонымен қатар иондандырушы сәулелену көзінің маңындағы бақыланатын аумақ немесе радионуклидтермен ластанған аумақ болуы мүмкін; 4) ядролық немесе радиациялық аварияның әсер ету факторы - ядролық немесе радиациялық авария нәтижесінде ядролық материалдар мен радиоактивті заттардың шығарындылары, сондай-ақ алаң аумағының радиоактивті ластануы кезіндегі иондаушы сәуле. Жоспарда қолданылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану туралы заңнамасы саласында пайдаланылатын ұғымдарға сәйкес келеді. 2. Ядролық немесе радиациялық аварияларға ден қою тәртібі 4. Ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюдың ұлттық жоспары: 1) ядролық немесе радиациялық аварияның әсер ету факторлары авариялық ядролық, радиациялық немесе электрофизикалық қондырғы орналасқан алаңның шегінен тысқары шыққан немесе олардың шығу қатері болған жағдайда; 2) әсері немесе эсер ету қатері Қазақстан Республикасының аумағына таралатын, басқа мемле­кеттің аумағында орын алған трансшекаралық ядролық немесе радиациялық авариялар кезінде атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органның шешімімен қолданысқа енгізіледі. 5. Пайдаланушы ұйымдар аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларын Қазақстан Респуб­ликасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес әзірлейді және бекітеді. Аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарларында оқыс оқиғалар кезінде және авариялар мен олардың салдарын жою кезінде персоналға, тұрғындарға және қоршаған ортаға ықтимал әсерді барынша азайту жөніндегі іс-қимыл тәртібі мен іс-шаралар көзделеді. Алаң аумағындағы ядролық және радиациялық авария жағдайында пайдаланушы ұйым аварияларға қарсы іс-шаралар жоспарына сәйкес пайда болған аварияны жоюға дереу кіріседі. Пайдаланушы ұйым ядролық және радиациялық авария салдарына ден қою және оны жою үшін қолда бар жабдықты пайдаланады. Әсер ету факторларының алаң аумағынан тысқары шығу қатері жоқ ядролық және радиациялық аварияларға ден қоюды пайдаланушы ұйым жүзеге асырады. 6. Жергілікті ауқымдағы, өңірлік немесе жаһандық ауқымдағы ядролық және радиациялық авария кезінде ядролық және радиациялық авария салдарына ден қоюды және оны жоюды азаматтық қорғау күштері мен құралдары жүзеге асырады. Азаматтық қорғау күштері мен құралдарын ұйымдастыру, оның іс-әрекеттері, басшылығы және басқару органдары Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасымен анықталады. 7. Ядролық немесе радиациялық авария салдарын жою кезінде, атом энергиясын пайдалану және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы салаларындағы уәкілетті органдардың өкілдері, ядролық және радиациялық аварияның салдарларын жоюға қатысатын адамдардың радиациялық қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстар мен аварияның салдарын жою әдістерін қолдануға жол беру туралы мәселелерді жедел штаб бастығына енгізеді. 8. Ядролық және радиациялық аварияның трансшекаралық әсер ету аспектілерін қозғайтын ден қою жөніндегі іс-қимыл сыртқы саясат қызметі жөніндегі уәкілетті органмен келісіледі және халықаралық медициналық-санитарлық қағидаларға және Қазақстан Республикасы ратификация­лаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. 9. Ядролық және радиациялық авариялар кезінде халыққа ұшырауы мүмкін төтенше жағдай­лардың қауіпті факторларының туындау қатері және қажетті қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратқа кедергісіз қолжетімділік ұсынылады, сонымен қатар, төтенше жағдайлар туындаған жағдайда өмірін, денсаулығын және жеке мүлкін қорғау қамтамасыз етіледі. Қажет болған жағдайда тұрғындар төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларға азаматтық қорғау туралы заңнамада белгіленген шекте қатысады, сонымен қатар, қажетті ұжымдық және жеке қорғану құралдарын пайдаланады. 10. Ядролық немесе радиациялық авария салдарынан жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған ортаға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырылады. 3. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарының ядролық немесе радиациялық авария кезіндегі құқықтары мен міндеттері 11. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган: 1) азаматтық қорғау іс-шараларын ұйымдастыру және жүргізу кезінде азаматтық қорғау күштеріне басшылық етеді; 2) жедел резервтің материалдық құралдарын бөледі және пайдаланады; 3) халыққа, азаматтық қорғаудың басқару органдарына жедел хабар беруді және оларды құлақтандыруды қамтамасыз етеді; 4) авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуді жүзеге асырады; 5) төтенше жағдайларды жою кезінде Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау сала­сындағы заңнамасына сәйкес ұйымдардың материалдық-техникалық ресурстарын жұмылдырады; 6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу, жою үшін мемлекеттік және жұмылдыру резервтерінің құрамындағы қолда бар ма­териалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстардың запастарын пайдалану туралы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен бөлінетін қаражатты пайдалану туралы ұсыныстар енгізеді. 12. Атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган: 1) ядролық және радиациялық авария ауданында гидрометеорологиялық жағдайларға жедел болжамды жүзеге асырады; 2) ядролық және радиациялық авария салдарларын жоюға қатысатын персоналдың, адамдардың және халықтың радиациялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар береді. 13. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті орган: 1) радиоактивті ластану аймақтарында халықтың болуының ерекше режимін регламенттеуді анықтайды; 2) бақыланатын аумақтан тысқары орналасқан халықтың мекендеу ортасының, өндірістік және қоршаған ортаның радиоактивті ластану деңгейлеріне өлшеу жүргізеді, сумен жабдықтау көздерінен, топырақтан және азық-түліктен сынама алуды жүзеге асырады; 3) сәулеленуге ұшыраған адамдарға көмек көрсетілуін бақылауды қамтамасыз етеді. 14. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган: 1) өз құзыреті шегінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, аварияларды тергеп-тексеруді ұйымдастырады және жүргізеді; 2) ядролық және радиациялық авария салдарларын жоюға арналған арнайы жабдықтың есебін жүргізеді; 3) өзінің қарамағындағы ведомстволық бағынысты әскерилендірілген қызметтерді және ядролық және радиациялық авария аймақтарында құтқару, аварияны қалпына келтіру және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу үшін құралымдарды тартады. 15. Қазақстан Республикасының көлік саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыруды, көлік кешенінің қызметін үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті орган: 1) ядролық және радиациялық аварияның салдарын жою үшін қажет көлікті қамтамасыз етуге байланысты барлық іс-қимылды үйлестіреді; 2) азаматтық қорғау саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен жеке меншіктегі көлік құралдарын тартады; 3) ядролық және радиациялық аварияның салдарын жою, эвакуациялық іс-шараларды өткізу үшін қажет персоналды және жабдықтарды, материалдар мен техникалық ресурстарды тасымалдауды қамтамасыз етеді; 4) ядролық және радиациялық авария салдарына ден қоюға және оны жоюға тартылатын теңіз, жерүсті және әуе жолдарымен келетін халықаралық күштер мен құралдарды қабылдауға дайындықты қамтамасыз етеді. 16. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган: 1) ядролық және радиациялық авария туындаған сәттен бастап оның зардаптары (қаржыландыру және адамдардың материалдық базасын тарту есебінен) толық жойылғанға дейін қоршаған орта объектілеріне мемлекеттік, радиациялық мониторингті (оның ішінде жедел ғарыштық мониторингті) жүзеге асырады; 2) бақыланатын аймақтан тысқары жерде ластану және (немесе) ядролық және радиациялық авария салдарларының сипатын, көзін және таралу аумағын анықтау мақсатында талдау жүргізу үшін қоршаған орта объектілеріне іріктеу сынағын алуды жүргізеді. 17. Қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыратын уәкілетті орган: 1) Қазақстан Республикасының көлік саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыруды, көлік кешенінің қызметін үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның келісімімен ядролық және радиациялық аварияға ден қою персоналы, адамдары және жабдығы бар әуе кемелеріне қауіпсіз дәлізді қамтамасыз етеді; 2) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның және облыстардың жергілікті атқарушы органдарының сұратуы бойынша қорғаныс саласындағы заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бөлімдері мен бөлімшелерін ядролық және радиациялық авария салдарын жою басшысының билігіне береді. 18. Мемлекеттік шекараны қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын уәкілетті орган (келісім бойынша) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның сұратуы бойынша ядролық және радиациялық аварияның зардаптарын жоюға қатысу үшін келетін шетелдік күштер мен құралдарды Қазақстан Республикасының аумағына өткізуді қамтамасыз етеді. 19. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган қажет болған жағдайда ядролық және радиациялық авария аймағына жеткізілетін техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін қажетті тауарларды кедендік декларациялауды қамтамасыз етеді. 20. Сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті орган ядролық және радиациялық аварияның салдарын жоюға көмек көрсету мақсатында Қазақстан Республикасына келетін шетелдік персоналға тиісті визалар рәсімдейді. 21. Жергілікті атқарушы орган ядролық және радиациялық авария салдарларын жою кезінде: 1) орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін, азаматтық қорғау қызметтерін және құралымдарын, сондай-ақ халыққа және аварияның салдарын жоюға қатысатын персонал мен адамдарға көмек көрсету үшін ден қоюдың барлық уақытында жедел медициналық көмек қызметін тартуды; 2) авария аумағындағы ластану салдарына ден қою жөніндегі, сонымен қатар облыс аумағындағы қоршаған ортаны сауықтыру жөніндегі қызметті үйлестіруді жүзеге асырады; 3) зардап шеккендерді эвакуациялауды жүзеге асырады.